§60. Қазақстанның экологиялық мәселелері

Қазақстанның экологиялық мәселелерінің шиеленісуі дүниежүзілік экологиялық мәселелерден кем емес. Еліміздің тарихындағы ең қайғылы парақтардың бірі – Семей ядролық сынақ полигонының құрылуы болды.

Ең алғаш атомдық жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, таңғы сағат 7-де естілді. Семей полигонында 450-ден астам жерүсті және жерасты жарылысының әсерінен атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте көп мөлшерде радиоактивті заттар шығарылды. Радиоактивті заттармен тек Семей облысы ғана емес, сонымен бірге оған шегаралас жатқан көптеген аумақтар ластануға ұшырады. Осы аумақтағы жұртшылық пен көптеген тірі ағзалар зардап шекті.
Қазақстанда жүргізілген ядролық сынақтардың салдары әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Белгілі ақын О.Сүлейменовтің басшылығымен құрылған «Семей–Невада» экологиялық қозғалысы қызметінің арқасында Семей полигонында сынақтар өткізуге толық тыйым салынды. Бұл қозғалысқа халық арасынан көп адам қатысты.

Арал теңізінің тартылуы.
Оның негізгі себебі Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын тиімсіз пайдалану болды. Осы өзендерден су өте аз мөлшерде құйылатын деңгейге жетті. Шамамен 30 жылдың ішінде Арал теңізі суының жартысынан көбін жоғалтып, екі кішігірім теңізге бөлініп кетті. Соның салдарынан теңіздің түбі тұзды шөлге айналды. Шаңды дауыл арқылы миллиондаған тонна шаң мен тұзды жел көтеріп, едәуір қашықтыққа желдің бағытымен таралып, көптеген аумақтарды тұз басты.

"Бір күндік эколог" (Рөлдік ойын)

Оқушыларды топтарға бөліп, әр топқа белгілі бір рөл беріледі:

  • Эколог – қоршаған ортаның жағдайын сипаттайды.
  • Ғалым – экологиялық шешімдер ұсынады.
  • Кәсіпкер – өндірістің қоршаған ортаға әсерін сипаттайды.
  • Қарапайым тұрғын – экологиялық мәселелердің адамдарға әсерін айтады.
➡ Әр топ өз көзқарасын қорғайды және ортақ шешім ұсынады.
Жұмбақ

Бұрын үлкен су айдыны едім, бірақ адамдардың әрекетінен кішірейіп, тұзға айналдым. Мен қай экологиялық мәселе боламын?

Маған мыңдаған зымыран ұшырылды, отын қалдықтарынан жерім ластанды. Мен қай аймақпын?

Менде 40 жыл бойы сынақтар жүргізілді, адамдарға, жануарларға, тіпті ұрпақтарға да зияным тиді. Мен кіммін?

Менің ауамда улы заттар көп, адамдар тыныс алу қиындықтарын сезінеді. Бұл қандай экологиялық мәселе?

Made on
Tilda