§59. Организмнің өсу және даму процестері
Зат алмасу нәтижесінде организм салмағын және көлемін ұлғайтып, өзінің денесін құрайды.
Өсу жаңа мүшелердің түзілуіне және организм көлемінің, салмағының ұлғаюына әкелетін өте күрделі процесс. Кішкентай балапан үлкейіп өсіп, ересек құсқа айналады. Өсімдіктерде көктемде бүршіктен жапырақ жайылып өсіп, гүлдер пайда болады, уақыт өте келе жеміске айналады. Өсімдіктің өсуі тіршілігін жойғанға дейін жалғасады. Кәрі, шіріген ағашта да көктемде бірнеше жаңа өркен шығады. Жануарлар белгілі бір жасқа дейін өсіп, белгілі мөлшерге жетеді және өсуін тоқтатады.
Организмнің дамуына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді.
Ішкі факторлар

Организмнің дамуындағы ішкі факторларға гормондар жатады. Олар аз мөлшерде жасушада немесе жасушалар тобында түзілетін биологиялық белсенді химиялық заттар. Өсімдіктерде жасушаның созылып өсуін қамтамасыз ететін ең басты өсу гормоны ол ауксин.

Сыртқы орта факторлары
Сыртқы орта факторларына организмнің тіршілігіне әсер ететін жағдайлар жатады. Соның ішінде қоректену өте маңызды рөл атқарады: қажетті толық құнды нәруыздың, әртүрлі майлардың, көмірсулардың, минералды тұздардың, дәрумендердің, судың болуы. Қоректенуде бір элементтің жетіспеуі жануарлар немесе өсімдіктер организмінің қалыпты өсу және дамуын бұзады.
Дәптермен жұмыс
1. «Фермердің таңдауы»
Фермер Алмас жеміс ағаштарын отырғызуды жоспарлап отыр. Ол екі түрлі әдісті қарастырып жатыр:
  • Дайын көшеттер отырғызу
  • Тұқымнан өсіру
Тапсырма:
  1. Қай әдіс ағаштың тез өсуіне ықпал етеді? Неліктен?
  2. Егер фермер ағаштардың жылдам жеміс беруін қаласа, қандай әдісті таңдағаны дұрыс?
  3. Өсу мен дамуды жылдамдату үшін фермер қандай шаралар қолдануы керек?
Жауабың: _______________

2. «Балапан мен бұзаудың дамуы»
Балапан жұмыртқадан шығып, бірнеше айда ересек болады, ал бұзау туылған соң бірнеше жыл бойы өсіп, дамиды.
Тапсырма:
  1. Балапан мен бұзаудың өсу қарқыны неге әртүрлі?
  2. Қандай факторлар жануарлардың өсуі мен дамуына әсер етеді?
  3. Егер жануарларға қажетті қорек жетіспесе, олардың дамуына қандай әсері болады?
Жауабың: _______________

3. «Адам ағзасының дамуы»
Дәрігер балалар мен жасөспірімдердің дұрыс өсуі үшін дәрумендер мен пайдалы тағамдарды жеу керектігін айтады. Бірақ кейбір балалар фастфуд пен газдалған сусындарды көп тұтынады.
Тапсырма:
  1. Ағзаның дұрыс өсуі үшін қандай қоректік заттар қажет?
  2. Дұрыс емес тамақтану өсу мен дамуға қалай әсер етеді?
  3. Егер бала дұрыс тамақтанса, оның денсаулығы мен болашағына қандай әсері болады?
Жауабың: _______________


Made on
Tilda