Экожүйенің ауысымын түсіну үшін көлдің батпақтануын мысал ретінде қарастырайық. Алғашында көлдің бетін қалқып жүрген әртүрлі өсімдіктер жайлап алады. Уақыт өте келе қураған және шіріген өсімдіктер көл табанына жинала бастайды. Көл табанындағы өсімдік және жануарлар қалдықтарының көптігінен және оттек жетіспегендіктен, редуценттер оларды өңдеп, қорыта алмай қалады. Нәтижесінде торф пайда болып, көл біртіндеп таязданып, біраз жылдан кейін лай батпаққа айналады. Бұдан кейін батпақтың айналасына ағаштар өсіп, біртіндеп орман пайда болады.