§6. МИКРО ЖӘНЕ МАКРОӘЛЕМНІҢ ҰҚСАСТЫҒЫ МЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Әлем – бұл барлық бар нәрселердің жиынтығы: ғарыштағы денелер (жұлдыздар, ғаламшарлар, галактикалар), табиғаттағы құбылыстар, тірі және өлі материя, уақыт пен кеңістік. Әлем – шексіз кеңістік пен ондағы барлық заттар мен энергияның біртұтас жүйесі. Мысалдар: Күн жүйесі, біз өмір сүріп жатқан Жер планетасы да әлемнің бір бөлігі болып саналады.
ӘЛЕМ ДЕҢГЕЙЛЕРІ
МЕГАӘЛЕМ
Бұл бүкіл Ғалам, онда барлық галактикалар, жұлдыздар, планеталар және басқа да аспан денелері кіреді.
МАКРОӘЛЕМ
Бізді қоршаған, күнделікті көріп жүрген дүние. Адамдар, жануарлар, өсімдіктер, таулар, өзендер – бәрі макроәлемге жатады.
МИКРОӘЛЕМ
Көзге көрінбейтін өте ұсақ бөлшектер әлемі. Молекула, атом, электрон сияқты нәрселер микроәлемге жатады. (Мысалы: бактерия, ДНҚ, атом)
АСПАН ДЕНЕЛЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ НЕГІЗГІ ҰҒЫМДАР
ҒАЛАМ
Бұл бізді қоршаған бүкіл дүние. Оған Жер, Күн, Ай, жұлдыздар, ғаламшарлар, галактикалар, сондай-ақ бос кеңістік пен ондағы барлық заттар кіреді. Ғалам – шексіз және онда миллиардтаған жұлдыздар мен планеталар бар.
ЖАРЫҚ ЖЫЛЫ
Жарықтың бір жыл ішінде жүріп өтетін арақашықтығы. Мысалы, Күнге ең жақын жұлдыз – Проксима Центавра – бізден шамамен 4 жарық жылы қашықтықта орналасқан. Бұл дегеніміз, оның жарығы Жерге 4 жылда жетеді.
ГАЛАКТИКА
Бұл ғаламдағы жұлдыздар, планеталар, газ және тозаңнан тұратын өте үлкен жүйе. Әр галактикада миллиардтаған жұлдыздар болады. Мысалы, біздің Жер орналасқан Құсжолы галактикасы – осындай галактиканың бірі.
ҚҰСЖОЛЫ ГАЛАКТИКАСЫ
біздің Галактикадағы жұлдыздардың тобы. Түнгі аспанға қарасақ, ол ұзын ақ жолақ сияқты көрінеді. Бабаларымыз оны аспанда ұшып жүрген құстардың жолына ұқсатқан. Құсжолында Күн жүйесі және біздің Жеріміз де бар
Төмендегі нысандардың тұсына тиісті әлем түрін жаз