Тірі ағзалардың бір-біріне әсер етуі биотикалық факторлар деп аталады. Тірі ағзалар бір түрге жатуы мүмкін. Бұл жағдайда олар үйір немесе тұқымтоп түзеді. Көптеген омыртқасыз жануарлар жеке тіршілік етеді. Бірақ оларға ұрпағын жалғастыру үшін серіктес керек. Сондықтан олар жұп құрады. Ара, құмырсқа, термиттер сияқты жоғары құрылымды омыртқасыз жануарлар тұрақты бірлестік тұқымтоп құрады. Бұл тұқымтопта әрбір ағза өзіне бөлінген биологиялық рөлді атқарады және өз тобындағы басқа ағзалармен үйлесімді әрекеттеседі.