Жасуша – тірі ағзалардың ең кіші құрылымдық және функционалдық бірлігі. Ол – ағзаның барлық тіршілік әрекеттерін (қоректену, тыныс алу, өсу, көбею, зат алмасу) атқаратын негізгі бірлік.
Өсімдік және жануар жасушаларының қабықшалары құрылысы бойынша бір-бірінен үлкен айырмашылықтары бар. Жануарларда ол өте жұқа, күрделі майлар мен нәруыздардан тұрады да, жасушаның сыртқы мембранасы деп аталады. Ол цитоплазманың ағып кетуіне және қоршаған ортамен араласуына кедергі жасайды. Қабықша қорғаныш және заттарды өткізу қызметін атқарады. Сонымен қатар ол жануарлардың жасушаларына өз пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Пішінін жиі өзгертетін біржасушалы жануарлар ағзалары да бар. Оларды амебалар деп атайды.
Вакуоль сұйықтығы бар көпіршік. Вакуоль ішіндегі сұйықтық жасуша шырыны деп аталады. Онда су мен еріген заттар көп. Цитоплазмамен араласып кетпеу үшін вакуоль одан сыртқы мембранаға ұқсас мембранамен бөлінеді. Вакуоль суды сақтайтын және қайта бөлетін қордағы орын болып табылады.
Пластидтер өсімдік жасушаларына түс беретін органоидтер. Органоидтер үш типті болады. Хромопластар сары, қызыл немесе қызыл сары, лейкопластар ақ, хлоропластар жасыл түс береді. Хлоропласта жасыл зат хлорофилл болады.